Ослодағы АҚШ елшілігінің жанында жарылыс болды

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Осло
Ослодағы АҚШ елшілігінің жанында жарылыс болды / Фото: Reuters

8 наурыз таңертең Норвегия астанасы Ослодағы АҚШ елшілігінің жанында жойқын жарылыс болды, деп жазады Reuters полиция мен куәгерлердің мәлімдемесіне сілтеме жасап.

Жарылыс жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат 1 шамасында америкалық дипломатиялық өкілдік орналасқан ауданда орын алған. Оқиға кезінде жақын маңда болған куәгерлер қою түтін мен қатты дыбыс шыққанын хабарлады. Осыдан кейін оқиға орнына полиция экипаждары, өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем көліктері жеткен.

Осло полициясының мәліметінше, жарылыс консулдық бөлімнің кіреберісінде болған. Куәгерлердің бірі елшілікке кіретін есіктің зақымдалғанын айтты.

«Оқиға орнында ықтимал қылмыскерлерді іздеу мақсатында иттер, дрондар және тікұшақ қолданылып, тергеу амалдары жүргізілді», – делінген Осло полиция департаментінің мәлімдемесінде.

Құқық қорғау органдары бұл аумақтан басқа жарылғыш құрылғылар табылмағанын хабарлады.

Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. БАҚ мәліметінше, полиция елшілік ішінде болып, оның қызметкерлерімен байланыс орнатқан.

Сонымен қатар, полиция өкілі бұл жарылысты АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысына қатысты қақтығыстармен байланыстыру «әлі ерте» екенін және әзірге ешқандай байланыс нышандары байқалмағанын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз