Қазақстандық дзюдошы Әділет Алмат Аустриядағы Гран-при жеңімпазы атанды

Аустрияда өтіп жатқан дзюдодан Гран-при кезеңінің екінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір жүлдемен толықты. Әділет Алмат (81 кг) алтын медаль иегері атанды.
Турнир барысында Алмат Молдова, Бразилия, Эстония, Әзербайжан және Сербиядан келген қарсыластарын жеңді. Ал шешуші белдесуде ол әзербайжандық Вусал Галандарзадені басып озды.
Осы салмақ дәрежесінде Абылайхан Жұбаназардың да жүлде алуға мүмкіндігі болған еді. Алайда қола медаль үшін таласуға мүмкіндік беретін жұбаныш белдесуінде ол сербиялық Михайло Симинге есе жіберді.
Сондай-ақ, татамиге Дастан Шаяхметов пен Есет Қуанов (73 кг), Эсмигүл Куюлова (63 кг) және Ажар Асхат (70 кг) шықты. Оларға турнирдің шешуші кезеңдеріне өтудің сәті түспеді.
Еске сала кетейік, 6 наурызда Шерзод Давлатов (60 кг) өз отандасы Аман Бақытжанды жеңіп, жарыстың қола медалін иеленген болатын. Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) пен Әбиба Әбужақынова (48 кг) жүлдегерлер қатарына бір қадам қалғанда тоқтады.