Атырауда жоғалған отбасының екі мүшесінің мәйіті табылды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Фото: Ішкі істер министрлігі

Атырау қаласының маңындағы Геолог ықшамауданында бұған дейін жоғалып кеткен Жангелдин ауылының тұрғындары – Наурыз бен Мирамгүлдің денелері табылды. Бұл туралы Ақжайық хабарлады. Мәйіттер осыған дейін күдікті Сұлтан Сәрсемалиев әйелімен бірге жалдап тұрған үйдің ауласынан анықталған.

Тергеу мәліметінше, кеше Сұлтан Сәрсемалиев пен оның жұбайы Ақбаян Алматы қаласына жеткізілген. Алматыда күдікті тергеу барысында Наурыз бен Мирамгүлді өлтіргенін мойындап, олардың денелерін Геолог ықшамауданындағы бұрын өзі жалдап тұрған үйдің ауласына көміп тастағанын айтқан.

Осы ақпараттан кейін Атыраудағы тергеушілер көрсетілген мекенжайда қайтадан қазу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде жоғалып кеткен екі адамның денелері табылды.

Еске салайық, Жангелдин ауылының тұрғындарын іздеу жұмыстары өткен жылдың желтоқсан айынан бері жүргізіліп келген. Іздеу шараларына полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан сарбаздары жұмылдырылып, арнайы штаб құрылған. Үйдің аумағы мен маңайы арнайы техникамен, соның ішінде георадарлардың көмегімен тексерілгенімен, алғашқы іздеу жұмыстары нәтиже бермеген еді.

Бұған дейін Жангелдин ауылындағы сарайдан да екі адамның мәйіті табылған. Ал күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев пен жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева Индонезияда ұсталған еді.

Сондай-ақ оқыңыз