Қалындық жасауы – 800 кітап

Өзбекстанның Әндіжан қаласының тұрғыны Насибахон Ибрагимова жасауы ретінде күйеуінің үйіне 800 кітап алып келген.
Kun ақпаратына қарағанда, ол Қашқандария облысының жігіті Миржалол Махмараймовқа тұрмысқа шыққан. Күйеуінің айтуынша, олар болашақ жұбайымен бірнеше жыл бойы бірге кітап жинаған. Үйленгеннен кейін олардың ортақ кітапханасындағы кітап саны 1500-ге жеткен.
«Біз үш жыл кездесіп жүрдік. Сол уақыт ішінде бірге кітап оқыдық, бірге жинадық, сатып алдық. Сондай-ақ онлайн түрде кітап сатуды да ұйымдастырдық. Арманымыз бір ортақ кітап сөресі болатын. Біз 2025 жылдың тамызында үйлендік. Той алдында ол менің үйіме бірге жинаған және өзіндегі кітаптарды әкелді. Содан кейін бір үлкен сөре жасап, жеке кітапханамызды құрдық», – дейді Миржалол.
Отбасылық кітапхана Миржалолдың Көкдала ауданындағы «Шұррқұдық» махалласындағы үйінде орналасқан. Ал жас жұбайлар қазір Ташкент қаласында жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Миржалол кітап дүкендерінің бірінде қызмет етеді.
«Біздің кітапхананың фотосы кездейсоқ тарап кетті. Ол Зүлфия атындағы сыйлыққа құжат тапсырғанда қосылған сурет еді. Кейін бір блогер оны жариялап жіберді», – дейді ол.
Айта кететін жайт, Алматыдағы 76 жылдық тарихы бар «Академкнига» жабылған еді.