Жаңалықтар

Тараздық «бетперделі қарақшы» өмірде жоқ болып шықты

Әйел бетперде киген белгісіз ер адам үйіне кіріп, қарумен қорқытқанын айтқан / фото: ашық дереккөзі
Әйел бетперде киген белгісіз ер адам үйіне кіріп, қарумен қорқытқанын айтқан / фото: ашық дереккөзі

Тараздық «бетперделі қарақшы» өмірде жоқ болып шықты. Алтындарын жасырын сатқан әйел күйеуіне өтірік айтқан.

Polisia ақпаратына қарағанда, полицияға жергілікті тұрғынға қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама түсті.

Оның айтуынша, бетперде киген белгісіз ер адам үйіне кіріп, қарумен қорқытқан. Қолдарын байлап, алтындары мен ақшасын алып кеткен.

Ауыр қылмыс туралы хабарламадан соң шұғыл түрде іс-шаралар басталған. Полиция қызметкерлері тергеп-тексеруді бастап, жедел қызметтер жұмылдырылған. Тергеу және іздестіру іс-шаралары жүргізілді.

Алайда көп ұзамай күтпеген жайт анықталды. Белгілі болғандай, ешқандай шабуыл болмаған. Әйел адам күйеуімен жанжал туындамас үшін қарақшылық шабуыл туралы оқиғаны ойдан шығарған. Шын мәнінде, ол алтын әшекейлерін бірнеше ай бұрын күйеуіне айтпай сатып жіберген.

Қылмыс туралы көрiнеу жалған хабарлама беру дерегі бойынша тергеу амалдары басталды.

Айта кететін жайт, әйелімен ажырасқан ер адамды бұрынғы қайын жұрты тонап кеткен еді.