Жаңалықтар

Алматы мен Астанада баспана бағасы жыл басынан бері өсіп үлгерді

Алматы мен Астанада баспана бағасы жыл басынан бері өсіп үлгерді / Фото: Shutterstock

2026 жылдың екі айында Алматыда жаңа тұрғын үй 4% астам, ал Астанада 2% қымбаттап үлгерді. Бұл ретте ақпан айында еліміздің ірі қалаларында пәтер бағасы тұрақты болды, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.

Алматы

2025 жылдың желтоқсанынан 2026 жылдың ақпанына дейін Алматының жаңа салынған нысандарындағы тұрғын үй бағасы 4,3%-ға өсіп, шаршы метріне орташа есеппен 719,6 мың теңгені құрады. Сонымен қатар, ақпан айының өзінде баға өзгерген жоқ.

Жыл басынан бері Алматыда қолданыстағы (вторичный) баспана айтарлықтай қымбаттаған жоқ – 1,9%-ға өсіп, шаршы метрі 752 мың теңгеге жетті. Тек ақпан айында баға 1,5%-ға көтерілді. Жалдау ақысы екі айда 1,1%-ға жоғарылап, шаршы метріне 5898 теңгені құрады. Алайда ақпанда баға 1,3%-ға арзандады.

Астана

Елордада желтоқсан айынан бастап жаңа тұрғын үй 2,4%-ға, ал ақпан айында 0,1%-ға қымбаттады. Жаңа салынған нысандардағы пәтерлердің орташа бағасы 716 мың теңгені құрады. Қолданыстағы баспана нарығында баға 2,6%-ға өсіп, шаршы метріне орташа есеппен 738,9 мың теңгеге жетті.

Ақпан айында 1,6% өсім тіркелді. Елордада жалдау ақысы екі ай ішінде іс жүзінде өзгерген жоқ, ал ақпан айында 0,4%-ға арзандап, шаршы метріне 5,6 мың теңгені құрады.

Басқа қалалар

Жаңа тұрғын үй сегментінде ақпан айында ең көп өсім Көкшетауда – шаршы метрі 350,8 мың теңгеге дейін және Атырауда – 1,8%-ға (шаршы метрі 535 мың теңге) болды. Қолданыстағы баспана нарығында ақпан айында бірден бірнеше облыс орталығында баға 3%-дан астам өсті.

Көш басында: Атырау – 3,3% (514 мың теңге), Түркістан – 3,1% (388 мың теңге), Қостанай – 3% (437 мың теңгеге дейін), Қонаев – 2,8% (469 мың теңге). Жалдау ақысы бір айда Таразда – 5,4%-ға (шаршы метрі 2588 теңге) және Петропавлда – 5,1%-ға (шаршы метрі 4731 теңге) айтарлықтай қымбаттады.