
Желіде қызу талқыға түскен ақын Танакөз Толқынқызының қазақ қоғамы туралы өткір сыны жөнінде әнші Меруерт Түсіпбаева пікір білдірді. Ол парақшасында даулы жазба авторын ашық қолдайтынын жазды.
«Анау ақындар бар ғой, Аманжол және Ринат, солардың орнына қолдан келсе, Танакөзді сайлауымыз керек», – деп жазды.
Ақынның өткір сыны
Еске салсақ, Танакөз Толқынқызы желідегі жазбасында қазіргі қазақ қоғамын қатты сынға алған. Ақынның сөзінше, ел ішінде принципсіздік, жағымпаздық пен екіжүзділік белең алған.
«Қазақтар тәуелсіздігін сақтап қала алмайды. Себебі ол сапасыз ұлтқа айналған. Принципі жоқ надан ұлт қалыптасты. Жағымпаз, өтірікші, екіжүзді, сатқын, намыссыз, фейк, псевдо ұлт. Өз тілінде сөйлемейтін ел. Құлдық сана етінен өтіп сүйегіне жеткен. Ешкімге ештеңе керек емес. Ешкім ешкімге араша түспейді. Қорқақ, можантопай, дарақы, мақтаншақ. Критикалық ойлау санасы қалыптаспаған. Бейғам. Жайбарақат. Басына кім көрінген аяғын сүртіп кете береді. Әлсіз, қауқарсыз, дәрменсіз. Халық емес құл-құтандар легі ме дерсің», – деп жазды ақын.
Желіде осы сөз бірнеше күннен бері қатты талқыланып жатыр. Танакөзді қолдаушылар да, қарсы пікір білдіруші де көп. Ақынның өзі бұл пікірінен қайтпайтынын жазып, тағы бірнеше жазба жариялады.