АҚШ Иранға қарсы екі күнде 5,6 миллиард доллар жұмсаған

Вашингтон Тегеранға қарсы операцияның алғашқы кезеңінде шамамен 6 миллиард долларлық оқ-дәрі жұмсаған.
Washington Post газетінің мәліметінше, бұл тек алғашқы екі күнде кеткен шығын.
«Иранға қарсы әскери операцияның алғашқы екі күнінде Пентагон 5,6 миллиард доллар көлеміндегі оқ-дәріні пайдаланды», — делінген мақалада.
Басылымның жазуынша, АҚШ Конгресінің кейбір мүшелері жоғары технологиялық қару-жарақтың өте жылдам жұмсалып жатқанына алаңдаулы. Себебі мұндай қарудың қоры онсыз да шектеулі. WP мәліметінше, АҚШ Таяу Шығысқа ресурстарды басқа аймақтардан, соның ішінде Үнді-Тынық мұхиты аймағынан жіберіп жатыр.
Бұл жағдайға пікір білдірген Пентагон өкілі Шон Парнелл газетке ведомствода «президент таңдаған кез келген тапсырманы орындауға қажетті барлық мүмкіндік бар» екенін айтқан.
Ақпан айының соңында АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды операция бастаған.
Ал Вашингтон Иран флотын, қорғаныс өнеркәсібін жоюмен қорқытып, ел азаматтарын қазіргі режимді құлатуға шақырған.
Иран Израиль аумағына, сондай-ақ Таяу Шығыстағы АҚШ әскери нысандарына соққы беріп жатыр. Оның ішінде БАӘ, Қатар, Сауд Арабиясы, Ирак, Кувейт және басқа елдердегі объектілер бар.
Айта кететін жайт, Таяу Шығыс елдерінен 8,5 мыңнан аса қазақстандық елге оралды.