Қоғам

Атырауда Наурыз бен Мейрамгүлдің жаназасы 11 наурызда шығарылады

Күдіктілер Қазақстанға жеткізілді/фото: ІІМ

Мәйіті бірнеше айдан кейін табылған Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның жаназасы 11 наурызда шығарылады. Бұл туралы KursivMedia тілшісіне марқұм Мақсот Қарабалиннің қарындасы Фаризат хабарлады.

«Сүйегі шықты деген хабар келді. Біз де әлеуметтік желіден, телефон арқылы естідік. Содан кейін барып сұрадық. Сүйекті інім бүгін барып алады. Ертең жаназасын шығарамыз. Бүгін қонақасы болады. (…) Бәрін ортасына түсіріп кетті. Қолымыздан ештеңе келмейді. Тірі табылар деп үміттеніп едік. Мәңгілік болып кетті бәрі», – дейді отбасының туысы.

Бұған дейін атыраулық журналист Жанат Молдашова екі мәйіт табылған жерді көрсетті.

Атыраудағы жұмбақ өлім

2025 жылдың 25 желтоқсанында Атырау облысы полициясы іс-түссіз жоғалған бір отбасының 4 адамына іздеу жариялады. Кейінірек полиция олардан бөлек осы отбасының қызы мен күйеу баласы да жоғалғанын мәлімдеді.

Оларды іздеу барысында ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі өздері тұрған үй аумағынан табылды. Істе отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев күдікті деп танылған. Ал оның әйелі (жоғалған отбасының кенжесі – ред.) Ақбаян Мұқанғалиеваға хабар-ошарсыз кету дерегі бойынша іздеу жарияланды

Атырауда із-түссіз жоғалған жанұя не жасырған? | Что скрывала семья, исчезнувшая в Атырау?

Содан кейін күдіктілер Индонезияда ұсталды. Оларды ұстауға Интерпол Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері, Солтүстік Ломбок полициясы және көші-қон қызметі қатысқан.

Полицияның хабарлауынша, ерлі-зайыпты Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 2025 жылдың 14 желтоқсанында Куала-Лумпурдан (Малайзия) Бали аралына барған. Содан кейін Ломбок аралына көшіп, ұсталғанға дейін сонда тұрған.