
Атырауда жоғалып, артынан мәйіттері табылған отбасының ісіне қатысты жаңа жайттар белгілі болды. Олардың өліміне ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжал себеп болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов айтты.
«Қылмысқа ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжалдар себеп болған. Тергеу екі және одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша жүргізілуде, іс министрліктің бақылауында», – деді ол.
Басты күдікті – отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев. Қазір оның жұбайы, отбасының кіші қызы Ақбаянның іске қатысы бар-жоқ екені анықталып жатыр. Полиция мәліметінше, психикалық жағдайын анықтау мақсатында ол сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға жіберілген.

Атырауда жоғалған отбасының екі мүшесі, Наурыз бен Мейрамгүлдің денелері кеше, 9 наурызда табылған еді. Мәйіттер күдікті Сұлтан Сәрсемалиев әйелімен бірге жалдап тұрған үйдің ауласынан табылған.
Туыстарының сөзінше, олардың жаназасы ертең, 11 наурызда, беріледі.
Бұл іске қатысы бар деген күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның келіншегі Ақбаян Мұқанғалиеваға халықаралық іздеу жарияланған. Ақпанда оларды Индонезиядан тауып, наурызда елге жеткізді.