Жаңалықтар

Атыраулық журналист Наурыз бен Мейрамгүлдің сүйегі табылған жерді көрсетті – видео

Күдіктінің Қазақстанға жеткізілгені айтылды/фото: ІІМ

Атыраулық журналист Жанат Молдашова бірнеше айдан бері хабар-ошарсыз кеткен ағайынды Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның мәйіті табылған жерді көрсетті.

Айтуынша, жергілікті полиция әлі ресми ақпарат бермеген.

«Бізде бейресми ақпарат пен ресми хабар бір-біріне 100 пайыз сәйкес келеді. Бұл – күдіктілер жалдап тұрған үй. Осының іргесі мен бағана арасынан «марқұмдардың сүйегі табылды» дейді. Дәл осы жер бұған дейін қазылған. Дәл кеше қазылды деп айта алмаймыз. Күні кеше қазылғанға ұқсамайды», – дейді жергілікті журналист Жанат Молдашова.

Сөзінше, үйдің айналасы бұған дейін түгел қазылған.

KursivMedia осы жағдайға байланысты құзырлы органдарға ресми сауал жолдады.

Айта кетейік, бұған дейін екі мәйіт күдікті Сұлтан Сәрсемалиев әйелімен бірге жалдап тұрған үйдің ауласынан табылғаны айтылды.

Жергілікті «Ақ Жайық» редакциясының хабарлауынша, Сұлтан Сәрсемалиев пен оның жұбайы Алматы қаласына жеткізілді. Күдікті тергеу барысында Наурыз бен Мейрамгүлді өлтіргенін мойындап, олардың мәйітін Геолог ықшам ауданындағы бұрын өзі жалдап тұрған үйдің ауласына көміп тастағанын айтқан.

Атыраудағы жұмбақ өлім

2025 жылдың 25 желтоқсанында Атырау облысы полициясы іс-түссіз жоғалған бір отбасының 4 адамына іздеу жариялады. Кейінірек полиция олардан бөлек осы отбасының қызы мен күйеу баласы да жоғалғанын мәлімдеді.

Оларды іздеу барысында ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі өздері тұрған үй аумағынан табылды. Істе отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев күдікті деп танылған. Ал оның әйелі (жоғалған отбасының кенжесі – ред.) Ақбаян Мұқанғалиеваға хабар-ошарсыз кету дерегі бойынша іздеу жарияланды

Атырауда із-түссіз жоғалған жанұя не жасырған? | Что скрывала семья, исчезнувшая в Атырау?

Содан кейін күдіктілер Индонезияда ұсталды. Оларды ұстауға Интерпол Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері, Солтүстік Ломбок полициясы және көші-қон қызметі қатысқан.

Полицияның хабарлауынша, ерлі-зайыпты Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 2025 жылдың 14 желтоқсанында Куала-Лумпурдан (Малайзия) Бали аралына барған. Содан кейін Ломбок аралына көшіп, ұсталғанға дейін сонда тұрған.