Жаңалықтар

«Наурыз» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды

Фото: Shutterstock

Бүгін «Наурыз» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова ресми түрде хабарлады деп жазады Kursiv Media.

Өтінім қабылдау 10 наурызда 9:00-де басталып, 31 наурызға дейін жалғасады.

«Егер депозитіңізде 2 млн теңгеңіз болса және отбасы мүшелерінің атында соңғы бес жылда баспана болмаса, онда «Наурызға» өтініш беріңіз. Меніңше, бұл 20% алғашқы жарнамен ең көп дегенде 36 млн теңгеге дейінгі сомаға баспана алудың ең жылдам жолы. Өткен жылы біз 8,6 мың пәтер бердік», – деді ол үкімет брифингінде.

Отбасы банкі басқарма төрағасының сөзінше, енді жаңа ипотекалық бағдарлама қосудың қажеті жоқ. Қазірдің өзінде бірнеше мемлекеттік бағдарлама бар, тіпті кейде қазақстандықтар шатасып қалатынын да айтады екен.

«Наурыз» бағдарламасының шарттарымен мына жерден таныса аласыз.

Ләззат Ибрагимова үй бағасына қатысты да пікір білдірді. Оның сөзінше, соңғы жылдары елде жас отбасы көбейіп келеді. Сұраныс арта түсетіндіктен, үй бағасы арзандайды деп күтпеу керек.