Енді кепілдік болмаса банктер ипотека бермейді – Бектенов

Қазақстанда үлестік құрылыс саласындағы талаптар күшейді. Енді құрылыс компаниялары тиісті рұқсаттар мен мемлекет кепілдігінсіз үлескерлердің қаражатын тарта алмайды. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
Премьер-министрдің айтуынша, кепілдіктер болмаған жағдайда банктер де мұндай нысандарға ипотекалық несие бермейді.
«Үлестік құрылыс саласындағы талаптар күшейді. Тиісті рұқсат пен мемлекет кепілдігінсіз құрылыс компаниялары енді үлескерлердің қаражатын тарта алмайды, ал банктер ипотека бермейді», – деді ол.
Үкімет басшысы жаңа ережелерде құрылыс қауіпсіздігіне қойылатын талаптар да күшейтілгенін атап өтті.
«Құжатта сейсмикалық қауіпсіздік талаптарын арттыруға ерекше көңіл бөлінді», – деді премьер.
Сонымен қатар билік тығыз әрі заңсыз құрылысқа жол бермеу үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын өзгертуге бақылауды күшейтеді. Заңнаманы жаңартумен қатар Қазақстанда құрылыс саласын цифрландыруды жеделдету жоспарланып отыр. Атап айтқанда, бірыңғай құрылыс порталы құрылады.
«Бірыңғай құрылыс порталы саладағы ашықтықты арттырады, шашыраңқы жүйелерді «бір терезе» қағидаты бойынша біріктіреді және артық бюрократия мен мерзімдерді қысқартады», – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы өнеркәсіп және құрылыс, сондай-ақ жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктеріне шілде айының соңына дейін құрылыс жобаларына сараптама жүргізу үшін жасанды интеллект модульдерін пилоттық режимде іске қосуды тапсырды. Сонымен қатар облыс әкімдіктері 1 маусымға дейін құжаттарды толықтырып, оларды цифрлық форматқа жүктеуді аяқтауы тиіс.
Бұған дейін Үкіметтегі баспасөз мәслихатында «Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова 2026-2027 жылдары елде баспана бағасы арзандай қоймайтынын ашық айтты. «Бәйтерек» холдингі 2026 жылы тұрғын үй құрылысына шамамен 2,4 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетпек.