
Freedom Holding Corp компаниясы Turkish Bank A.Ş. акцияларының 99,32%-ын сатып алады. Активті Özyol Holding холдингі мен Кувейттің Ұлттық банкі сатып жатыр. Мәміле Түркияның тиісті реттеуші органдарының мақұлдау процедурасынан өтуі тиіс деп жазады Kursiv Media.
Мәміленің мән-жайы
Сатып алу келісімі тек 1982 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, лицензиясы бар Turkish Bank A.Ş. түрік активіне ғана қатысты. Ал бас компания яғни TurkishBank Group-тың Ұлыбритания мен Кипрдегі бөлімшелері бұл мәмілеге кірмейді.
Банкті сатып алу холдингтің осы аймақта құрып жатқан инфрақұрылымын толықтыра түспек. Бұған дейін Freedom Finansal Hizmetler Түркияда өз брокерлік компаниясы, Freedom Yatirim-ды, ашуға реттеуші органнан ресми рұқсат алған еді.
Мәміле аяқталғаннан кейін Freedom банктің цифрлық трансформациясына инвестиция салып, технологияны жаңартып, шағын және орта бизнес клиенттері үшін жаңа өнімдер шығаруды көздеп отыр.
Freedom Holding Corp. (FRHC) серіктесі және Freedom Finansal Hizmetler директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Почекуевтің сөзінше, Түркиядан банк сатып алу FRHC-тың брокерлік және инвестициялық мүмкіндіктерін толықтыра түседі. Ал TurkishBank Group төрағасы Хакан Бортечене Freedom-ның цифрлық мүмкіндігі мен халықаралық платформасы түрік банк секторының дамуына жақсы үлес қосатынын атап өтті.
Turkish Bank A.Ş-ның түпкі иесі TurkishBank Group-тың бір ғасырлық тарихы бар. Түркиядан бөлек Солтүстік Кипр мен Ұлыбританияда да активтері тіркелген.
Түркия Банк қауымдастығының мәліметінше, 2024 жылдың соңында Turkish Bank активі 178 млн долларға тең болып, 54 банк ішінде 39-орын иеленді.
Ал КАР (қаржы есебінің депозитарийі) есебінше, 2025 жылдың соңында банк активі 8,8 млрд лираға немесе 205 млн долларға тең болды.
Freedom Holding түрік нарығына шығу мүмкіндігін былтыр зерттей бастады. Желтоқсанда Тимур Турлов Түркияны басым даму бағыты ретінде қарастырып жатқанын айтқан.
2025 жылдың тоғыз айындағы есеп бойынша, Freedom Holding Corp компаниясы түсімі 1 688 млн доллар болды. Соның ішінде 76,2 млн доллар таза пайда тапты.