«Халықтың ата заңы»: Әртістер Конституция жайлы ән шығарды

Қазақстандық әншілер «Халықтың Ата заңы» атты жаңа ән шығарып, бейнебаян түсірді. Туынды Referendum2026 ютуб арнасына жарияланды.
Әнде жаңа Конституция жайлы, оның маңызы жайлы айтылады.
«Ата заңым, алтын арқау менің байлығым
Ата заңым, аласармас асқақ айбыным
Әуелесін, шарықтасын әніміз бірге
Жаңа таңға ұмтылайық бәріміз бірге», – дейді қайырмасында.
Әнді Әлішер Кәрімов, Маржан Арапбаева, Роза Рымбаева, Мадина Сәдуақасова, Еркеш Хасен және Қайрат Баекенов орындайды. Сөзін Арман Манарбекұлы, ал әнін Асқар Әбдиев, Арман Мұқашев, Ренат Гайсин жазған.
Көпшіліктің бұл еңбекке көзқарасы әртүрлі.
«Қалжың деп ойлап едім, бірақ қателескен екенмін. Қалай реакция танытарыңды білмейсің. Бір нәрсе түсінікті: біз, шынында, ғажап елде өмір сүреміз», – деп жазады желі қолданушыларының бірі.
Еске салайық, 15 наурызда елде жалпыхалықтық референдум өтіп, жаңа Конституция жобасына қатысты дауыс береді.