
Қазақстанда мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар болмаған жағдайда қарыз алушылар коммерциялық банктерден жылдық 22 пайызға дейінгі мөлшерлемемен несие алуға мәжбүр болар еді. Бұл жөнінде Үкіметте «Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді.
Ләззат Ибрагимованың айтуынша, мұндай жағдайда отбасы табысының басым бөлігі – 70-80 пайызы ипотека төлеуге кетуі мүмкін.
«Егер мемлекеттік бағдарламалар болмаса, адамдар коммерциялық ипотека бойынша жылына 22 пайыз төлейтін еді. Ондай жағдайда ай сайынғы төлем отбасы бюджетінің 70–80 пайызын алуы мүмкін», – деді Ибрагимова.
Басқарма төрайымы мемлекеттік бағдарламалар халықтың қаржылық жүктемесін азайтатынын атап өтті. Сөзінше, қолданыстағы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі ипотекалық төлемдерді 30-40 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Бүгін Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов енді кепілдік болмаса банктер ипотека бермейтінін мәлімдеген еді. Артынша брифингте Ләззат Ибрагимова елде баспана бағасы арзандамайтынын айтты.