
Италияда өткен Олимпиада ойындарының чемпионы, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров халықаралық ISU Skating Awards сыйлығына үміткер атанды. Бұл жайлы Sports.kz жазады.
Басылымның мәліметінше, дауыс беру төрт номинация бойынша жүргізіледі: «Үздік костюм», «Ойын-сауық бағдарламасы», «Үздік хореограф» және «Үздік жаттықтырушы». Михаил Шайдоров 2026 жылғы Олимпиаданың еркін бағдарламасындағы өнері үшін «Үздік костюм» номинациясы бойынша үміткерлер тізіміне енді.
«Бұл әзірге үміткерлердің ұзын тізімі (лонг-лист). Жанкүйерлердің дауыс беруі 18 наурызға дейін жалғасады. Нәтижесінде әр санатта үш номинанттан қалады. Жеңімпаздар 29 наурызда Прагада өтетін әлем чемпионатының банкетінде жарияланады», – деп атап өтті басылым.
Оның бәсекелестерінің қатарында америкалық Илья Малинин, эстониялық мәнерлеп сырғанаушы Александр Селевко, жапониялық Каори Сакамото және басқалар бар.
Бұған дейін Шайдоров туралы ЖИ-мен жасалған фильм туралы жазып едік. Алғаш рет Алматыда көрсетілген туынды көпшілікті жылатып, ерекше әсер қалдырды.