Жаңалықтар

2008 жылғы дағдарыстан асып түсті: Дүниежүзілік банк Қазақстанға қатысты дабыл қақты

Фото: shutterstock

Бүгінде Қазақстан экономикасында қызық, әрі алаңдатарлық жағдай қалыптасып отыр. Бір қарағанда, елдің жалпы ішкі өнімі өсіп жатқандай көрінгенімен, қарапайым халықтың қалтасы мұны сезіп отырған жоқ. Керісінше, қымбатшылық пен табыстың азаюы жұртты жаппай банк жағалауға мәжбүр етуде.

Дүниежүзілік банктің сарапшылары бұл құбылысты «күрделі макроэкономикалық динамика» деп атап, дабыл қақты. Бұл туралы банк шолуына сілтеме жасап, Halyk finance жазады.

Қарыз еңбекақыдан асып барады

Сарапшылар алаңдап отырған жайт – халықтың борыштық жүктемесі. 2025 жылдың соңына қарай қазақстандықтардың қарызы мен жалақысының арақатынасы 51%-ға жеткен.

Бұл – өте қауіпті көрсеткіш. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл көрсеткіш тіпті 2008 жылғы атақты әлемдік қаржы дағдарысы кезіндегіден де асып түскен.

Соңғы бес жылда халықтың нақты табысы небәрі 15%-ға өссе, ал алған несиесінің көлемі екі есе көбейген.

Несие – өмір сүру амалы

Бұрын адамдар несиені көлік алуға немесе үйін жөндеуге алатын болса, қазір жағдай өзгерді. Дүниежүзілік банктің пікірінше, бүгінде несие алу – халықтың қаржылық қуатының белгісі емес, керісінше, күнделікті тұтыну деңгейін әрең ұстап тұрудың «мәжбүрлі механизмі».

Яғни, адамдар жалақысы жетпеген соң, азық-түлік пен негізгі қажеттіліктерін жабу үшін қарыз алуға көшкен. Әсіресе, бұл үрдіс табысы төмен отбасылар мен ауылдық жерлерде анық байқалады. Қазақстанда ломбардтан қарыз алатындар көбейді.

Инфляция «қармағы»

2025 жылы халықтың нақты табысы 6%-ға төмендеп кетті. Бұған себеп – тоқтаусыз өсіп жатқан инфляция. Тауарлар мен қызмет бағасы шарықтап, адамдардың сатып алу қабілетін төмендетті.

Осындай тығырыққа тірелген жұрт амалсыз банк карталары мен тұтынушылық қарыздарға иек артады. Бүгінде банктердің несие қоржынының жартысынан астамы (57,2%) – жеке тұлғаларға берілген қарыздар.

Ел экономикасына қауіп бар ма?

Мемлекет тарапынан несие беру талаптары қатаңдатылып, қарыз өсімін тежеуге тырысып жатқан шаралар бар.

Бұл белгілі бір деңгейде нәтиже беріп, несие өсімі сәл баяулағанымен, мәселенің тамыры – халықтың табысында жатыр.

Мамандардың айтуынша, несие алу – ішкі сұранысты қолдап, экономиканы қозғап тұрған фактор екені рас. Алайда, егер халықтың табысы өспесе, бұл «қарыз пирамидасы» ерте ме, кеш пе экономикаға үлкен салмақ түсіруі мүмкін.

Қаржылық жағдайлардың қатаң болуы мен мемлекеттік ынталандыру шараларының азаюы экономикалық белсенділікті біраз баяулатуы мүмкін.