Ұлттық қордағы қаржы 40 млн теңгеге жуықтады

Ұлттық қордағы қаржы 40 млн теңгеге жуықтады. Есепті кезеңнің басында қор активтері, 2025 жылдың тоғыз айындағы инвестициялық кірістерді есепке алғанда, 39,6 трлн теңгені құраған болатын. Жыл басынан бері қор қоржыны тағы 701,4 млрд теңгеден астам қаражатпен толығып, 39,9 трлн теңгені құрады.
Түсімдердің негізгі үлесі дәстүрлі түрде мұнай секторынан келетін тікелей салыққа тиесілі болып отыр.
Атап айтқанда, корпоративтік табыс салығынан 244 млрд теңге, өнімді бөлу бойынша мемлекет үлесінен 228,7 млрд теңге және пайдалы қазбаларды өндіру салығынан 166,6 млрд теңгеден астам қаражат түсті.
Сонымен қатар, экспортқа рента салығы мен мұнай операцияларынан түсетін әртүрлі айыппұлдар мен санкциялар да қордың әлеуетін арттыруға септігін тигізді.
Мұнай саласынан тыс көздерден де белгілі бір деңгейде түсімдер байқалды: республикалық меншікті жекешелендіруден 88,5 млн теңге, жер учаскелерін сатудан 3,8 млн теңге түссе, бұрын берілген бюджеттік кредиттерді өтеу есебінен 180 млн теңге қайтарылды.
Қордан екі айда 460 млрд теңге алынды
Қордың шығыс бөлігіне келетін болсақ, есепті кезеңде жалпы көлемі 460,2 млрд теңге пайдаланылды. Бұл қаражаттың 460 млрд теңгесі республикалық бюджетке кепілдік берілген трансферт ретінде бағытталса, қалған бөлігі Қорды басқару мен сыртқы аудит шығыстарын жабуға жұмсалды. Нысаналы трансферт бөлінбеген.
Осылайша, кіріс пен шығыс операцияларының нәтижесінде 2026 жылдың 1 наурызына қарай Ұлттық қордың жалпы активтері 39 884 844 567,1 мың теңгені құрады.
Ұлттық банк наурыз айында Ұлттық қордан 500 млн доллар валюта сататынын мәлімдеді.