Жаңалықтар

2026 жылы баспана арзандай ма – Отбасы банк басшысының жауабы

Үкіметтегі баспасөз мәслихатында «Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова 2026-2027 жылдары елде баспана бағасы арзандай қоймайтынын ашық айтты.

«2026 жылы біздің нарыққа 2000 жылдардан бастап туған балалар келе бастайды. 2000 жылы Қазақстанда 222 мың бала дүниеге келген. Ал 2007 жылы 321 900 бала өмір есігін ашқан. Сандарды жақсы білемін, себебі демографияға терең бойлаймын. Демек, жеті жылдың ішінде жыл сайынғы өсім 15-20 мың балаға артқан. Қазір осы балалар нарыққа келеді. Екі мыңыншы жылы туған балалар қазір 25-26 жаста. Тиісінше, олар нарықта баспанаға өте көп сұраныс туғызады», – дейді ол.

Ләззат Ибрагимованың сөзінше, жылына Қазақстанда 120-130 мыңға дейін неке тіркеледі. Былтыр 114 мыңға азайған.

«Жаңа отбасы болған жастар бірден баспана іздейді. Үй қымбаттауы мүмкін емес. Бірақ арзандамайтыны анық. Екінші нарықта бәлкім стагнация байқалатын шығар. Ал бірінші нарықта бәрі шикізат пен материалға, құрылыс саласында еңбек ететіндердің айлығына байланысты болмақ. Бірақ демографияға қарағанда үй арзандай қоймайтыны анық», – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Отбасы банк үйі жоқ отбасыларды баспанамен қамту мәселесі қалай шешіліп жатқанын хабарлады. Сондай-ақ банк «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау мерзімін жариялады.