
Қазақстан Ресейге жауап ретінде утильалымды арттырмақ. Бұл жөнінде брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.
Нағаспаевтың айтуынша, Ресей Қазақстаннан экспортталатын көліктерге утильалым мөлшерін бірнеше есе өсіргеннен кейін, Қазақстан тарапы да ресейлік жаңа автокөліктерге қатысты осыған ұқсас шара қолданады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі бірлесіп тиісті бұйрық әзірлеген. Құжат жақын арада күшіне енеді.
«Біз ресейлік нарық үшін жаңа талап ойлап тауып отырған жоқпыз. Бұл – тең жауап. Нарықта өзара тең жағдай болуы керек. Ресей Қазақстан көліктеріне утильалымды еселеп көтеріп жіберді. Жыл сайын прогрессивті шкала тіпті 2030 жылға дейін өсе береді. Сол себепті біз де Ресейдің ұстанымын өздеріне қатысты айна-қатесіз ұстанып отырмыз», – деді Нағаспаев.
Министрдің сөзінше, қабылданатын шешім отандық автокөлік өндірісін қорғауға бағытталған. Сонымен қатар ол бұл өзгерістер ішкі нарықта автокөлік бағасының күрт өсуіне әкелмейтінін атап өтті.
«Сондықтан енді автокөлік күрт қымбаттап кетпейді. Мен оған қалыпты жағдай деп қараймын », – деді ведомство басшысы.
Бұғңан дейін Ерсайын Нағаспаев құрылыс сапасын арттыру үшін бірыңғай цифрлық платформа қалай енгізіліп жатқанын мәлімдеген.