Қоғам

Қарағанды облысы тұрғындарына 3,1 млрд теңге қайтарылады

Мамандар кәсіпорындардың құжаттарына талдау жүргізген/фото: Делия Айдаралиева

Қарағанды облысы тұрғындарына коммуналдық қызметтер үшін 3,1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылады. Мұны өңірдің Табиғи монополияларды реттеу комитеті хабарлады.

Мамандар 2024 жылдың есебін талдаған. Нәтижесінде бұл қаржыны 18 кәсіпорын тариф арқылы алғанымен, жоспарланған мақсаттарға толық жұмсамағаны анықталған. Тексеріс 75 табиғи монополия субъектісі ұсынған құжаттарға жүргізілген.

Заңнамаға сәйкес, талаптарды орындамаған кәсіпорын тұтынушыларға қаражатты қайтарады. Сол арқылы облыс тұрғындарына 3,1 млрд теңге қайтарылатын болды. Осылайша 2026 жылдың 1 қаңтарынан 2027 жылдың 1 наурызына дейін өңірде тариф бағасы арзандайды. 3,1 млрд теңге осылай қайтарылады.

Қайтарылатын қаражат қызмет түрлері бойынша былай бөлінеді:

  • сумен жабдықтау және су бұру қызметтері – 2,27 млрд теңге;
  • электр энергиясын жеткізу қызметтері – 669,6 млн теңге;
  • жылумен жабдықтау қызметтері – 107,7 млн теңге;
  • кірме жолдар қызметтері – 3,7 млн теңге;
  • газбен жабдықтау қызметтері – 55,6 млн теңге.

Айта кетейік, ақпанның басынан бері қазақстандықтар әлеуметтік желіде коммуналдық қызмет құны күрт өскеніне шағымдана бастады. Ұлттық экономика министрлігі бұған ҚҚС (қосылған құн салығы) өсуі және күн суытқаны әсер еткенін мәлімдеді. Содан кейін Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин кей өңірде баға әлдеқайда жоғары көрсетілгенін растады.

Ал қай қалада коммуналдық қызметтер арзан екенін мына жерден біле аласыз.