«Қарызы барлар бәс тіге алмайды»: Букмекерлерде неге төлем өтпей жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
букмекерлік кеңсе
фото: shutterstock

Соңғы уақытта қазақстандық букмекерлік кеңселердің пайдаланушылары жаппай төлем мәселесіне тап болды. Депозит толтыру немесе ұтысты шығару кезіндегі іркілістердің басты себебі техникалық ақау емес, елімізде толықтай іске қосылған Біріңғай есепке алу жүйесі (БЕЖ) мен жаңа заңнамалық талаптар.

Қазақстанда лудоманиямен (құмар ойындарға тәуелділікпен) күрес аясында заңнама қатаңдатылды. Енді банктер мен төлем ұйымдарына борышкерлер тізіміндегі (БЖЗҚ бойынша қарызы бар, алимент төлемейтіндер және т.б.) азаматтардың бәс тігуіне шектеу қою міндеттелген. Егер сіздің атыңызда атқарушылық өндіріс немесе банк алдында берешек болса, жүйе автоматты түрде төлемді блоктайды.

Бұл бағыттағы жұмыстың құқықтық негізін Қазақстан Ұлттық Банкі мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекітіп отыр. Ұлттық Банктің ресми түсіндірмесіне сәйкес:

«Қаржы ұйымдары (банктер, төлем ұйымдары) «Ойын бизнесі туралы» ҚР Заңындағы талаптарды сақтамаған букмекерлік кеңселердің төлем қабылдау және ұтыс төлеу қызметтерінен ажыратылды. Қаржы институттары үшін заң талаптарының толық сақталуы және қызметтердің заңға қайшы қолданылуына жол бермеу — ең маңызды басымдық».

Біріңғай есепке алу жүйесі деген не және қалай жұмыс істейді?

Біріңғай есепке алу жүйесі (Единая система учета ЕСУ) – бұл Туризм және спорт министрлігі мен Қаржылық мониторинг агенттігінің бақылауындағы цифрлық платформа. Оның негізгі міндеті букмекерлік кеңселер мен лотерея операторларының әрбір транзакциясын нақты уақыт режимінде қадағалау.

Жаңа заңмаға сәйкес, келесі тізімдегі адамдар автоматты түрде бұғатталады:

1. Борышкерлер тізімінде болу (Ең жиі себеп) Жаңа заң бойынша, борышкерлер тізімінде (АИС ОИП) бар азаматтарға құмар ойындарға ақша тігуге ресми түрде тыйым салынған.

  • Төленбеген әкімшілік айыппұлдар;
  • Алимент бойынша берешек;
  • Коммуналдық қызмет немесе несие бойынша сот орындаушыларының шешімі болса, Біріңғай есепке алу жүйесі сіздің төлеміңізді автоматты түрде бұғаттайды.

2. Өз-өзін ойыннан шектеу eGov Mobile арқылы немесе жазбаша түрде құмар ойындардан бас тартқан азаматтардың деректері Біріңғай есепке алу жүйесіне бірден түседі. Бұл шектеуді мерзімінен бұрын алып тастау мүмкін емес, сондықтан жүйе төлемге рұқсат бермейді.

3. Мемлекеттік қызметшілер мен әскерилер 2024 жылғы заңнамалық түзетулерге сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерге, әскери қызметшілерге және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне бәс тігуге тыйым салынды. Жүйе ЖСН арқылы жұмыс орнын анықтап, операцияны тоқтатады.

4. Банктік бақылау Екінші деңгейлі банктер (Kaspi, Halyk және т.б.) құмар ойындарға арналған транзакцияларды «жоғары тәуекел» санатына жатқызады. Көптеген банктер несиелік қаражат (кредит картасы) арқылы бәс тігуге толық тыйым салған.

Егер бұрын букмекерлік кеңсе мен банк арасында тікелей байланыс болса, енді ортаға Біріңғай есепке алу жүйесі қосылды. Сіз төлем жасаған сәтте жүйе бірнеше секунд ішінде сіздің ЖСН-іңізді мемлекеттік базалармен салыстырып шығады.

Еске сала кетейік, 4 наурыздан бері елімізде букмекерлік кеңселер төлемдерді қабылдауды тоқтатқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз