
Елде ЖИ технологияларын мектеп тәжірибесіне енгізудің әдістемелік негіздері бекітілді. Құжатты Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген. Бұл жөнінде Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.
Министрлік дерегінше, әдістемені әзірлеудегі басты ұстаным – жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды. ЖИ тек сабақ дайындауға, оқу материалдарын бейімдеуге және талдау жасауға арналған көмекші құрал ретінде қарастырылады.
«Оқушыны бағалау, оқу мазмұнын таңдау және соңғы шешім қабылдау құқығы толықтай мұғалімнің құзырында қалады. Білім нәтижелерін толық автоматтандыруға жол берілмейді. Сондықтан жасанды интеллект дайындаған кез келген материал мұғалімнің тексеруінен өтуі тиіс», – делінген министрлік хабарламасында.
Құжатта цифрлық қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылған. Оқушылардың жеке деректерін бөгде сервистерге енгізуге тыйым салынады. Сабақ барысында қолданылатын платформалар қолданыстағы заңнама талаптарына сай болуы керек.
Сондай-ақ академиялық адалдық қағидалары күшейтіледі.
«Оқушылар ЖИ арқылы дайындалған жұмыстарын өз еңбегі ретінде ұсына алмайды, мұғалімдер қажет болған жағдайда тапсырманы қайта бере алады», – делінген хабарламада.
Әдістемелік ұсынымда педагогтерге Canva, ChatGPT, Gemini Storybook, Notebook LM, Reading Coach, Google Lens сынды сервистерді қолданудың нақты алгоритмдері мен сценарийлері ұсынылған. Бұл мұғалімдердің әкімшілік жүктемесін азайтып, оқу процесін оқушының жеке ерекшеліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді.
Құжат Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ресми сайтында жарияланған.
Бұған дейін жасанды интеллект білім саласына қалай енгізіліп жатқаны жайлы зерттеу жазған едік.