Құрылыс саласындағы барлық мемлекеттік қызмет онлайн-форматқа көшірілді

Елде құрылыс саласындағы барлық 54 мемлекеттік қызметті автоматтандыру жұмыстары аяқталды. Бұл туралы Үкімет отырысында жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда құрылыс саласындағы қызметтердің 100 пайызы азаматтар мен бизнеске қашықтан қолжетімді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша электрондық түрде көрсетілген қызметтердің үлесі 96%-ды құраған. Бұл сектордың цифрлық жетілуінің жоғары деңгейін растайды. Соның ішінде мекенжайлар беру, жобалауға рұқсат алу, эскиздерді келісу және нысандарды кәдеге жарату процедуралары сұранысқа ие.
«Бүгінде құрылыс саласында 54 мемлекеттік қызмет көрсетіледі және олардың барлығы онлайн-форматта қолжетімді. Бұл азаматтар мен бизнеске қызмет көрсетуді жеңілдетеді. Сондай-ақ, электрондық келісімшарттар, құжаттарды автоматты түрде тексеру, цифрлық актілер, API және BIM-технологиялар арқылы мониторинг енгізіледі», – дейді ол.
Министр осының нәтижесінде рәсімдердің ашықтығы артып, қызмет көрсету мерзімі қысқаратынына, ал саланың тиімділігі 46%-ға дейін жоғарылайтынына сенімді.
Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев құрылыс сапасын арттыру үшін бірыңғай цифрлық платформа қалай енгізіліп жатқанын мәлімдеген.