Жаңалықтар

Шымкент тұрғыны мемлекеттен 83 млн теңге өндіріп алды

Фото: shutterstock

Бұл туралы қалалық сот хабарлады. Сот дерегінше, қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасына мемлекет мұқтажы үшін алынған жер учаскесіне өтемақы құнын төлеуді міндеттеу туралы талап-арыз қаралған.

Талап қоюшы жалпы алаңы 0,1900 га жер учаскесінің иесі. Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысымен оның жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін өтемақы төлеу арқылы алып қою белгіленген. Алайда жергілікті әкімдік жердің құнын 46 млн теңге деп бағалаған. Бұған тұрғын келіспеген соң қала әкімдігі сотқа жүгінген. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін сатып алып, мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қойған. Десе де арызды қайта алған.

Әкімдіктің қабылдаған қаулы негізінде тұрғынға тиесілі жер учаскесі алынып, орнына автомобиль жолын түскен. Алайда жер иесіне учаскенің құны өтелмеген.

«Сот құрылыс-тауартану қортындысына сәйкес, талап қоюшыға тиесілі жер учаскесінің нарықтық құны 83 млн теңгеден асатыны көрсетілген. Соттың шешімімен, талап қою қанағаттандырылды. «Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі талап қоюшыға тиесілі мемлекет мұқтажы үшін алынған жер учаскесіне 83 419 500 теңге өтемақы құнын төлеу міндеттелген» делінген сот хабарламасында.

Айта кетейік, сот шешімі мен жеке ұйғарымы апелляциялық сотта да қаралған. Қазір заңды күшіне енген.