
Forbes-тің 2026 жылғы жаһандық миллиардерлер рейтингіне екі қазақстандық бай азамат қосылды. Тізімге алғаш рет дәулеті 1 миллиард доллардан асқан кәсіпкерлер Нұрлан Смағұлов пен Айдын Рахымбаев енді.
Forbes.kz мәліметінше, Нұрлан Смағұловтың байлығы шамамен 1,3 млрд долларға бағаланып отыр. Ол әлемдік миллиардерлер рейтингінде 2858-орында тұр. Ал дәулеті 1,1 млрд долларға бағаланған Айдын Рахымбаев тізімнің 3185-сатысына жайғасты.
- Нұрлан Смағұлов – Қазақстанда Оңтүстік Корея және Қытай көліктерін құрастыратын және сататын Аstana Group президенті, MEGA сауда-ойын-сауық орталықтары желісінің негізін қалаушы және иесі. Желіге Алматыдағы MEGA Alma-Ata мен MEGA Park, сондай-ақ Астанадағы MEGA Silk Way нысандары кіреді. Бұл нысандарды Mega Center Management компаниясы басқарады.
- Айдын Рахымбаев – құрылыс саласындағы кәсіпкер, Қазақстандағы ең ірі девелоперлік компаниялардың бірі – BI Group холдингінің негізін қалаушы әрі басшысы.
Жаңа қатысушыларды есепке алғанда, Forbes жаһандық тізіміндегі қазақстандық миллиардерлердің саны артты. Бұған дейін бұл тізімде Вячеслав Ким, Тимур Турлов, Владимир Ким, Тимур және Динара Құлыбаевтар, сондай-ақ, Болат Өтемұратов болған еді.
Жалпы алғанда, Forbes-тің 2026 жылғы әлемдік рейтингінде байлығы 1 миллиард доллардан асатын 3400-ден астам адам бар.
Миллиардерлер тізімінде жаңа қазақстандық есімдердің пайда болуы елдегі ірі жекеменшік компаниялардың, әсіресе девелопмент, қаржылық технологиялар және жылжымайтын мүлік саласындағы тұрақты өсімін көрсетеді.