Жаңалықтар

Он елде дауыс беру учаскесі ашылмайтын болды

Референдум 15 наурызда өтеді/фото: Серикжан Ковланбаев

Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты шетелдегі дауыс беру учаскесі саны қысқарды. Бұл туралы орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров хабарлады.

«Бастапқыда 62 елде 80 дауыс беру учаскесін ашу жөнінде шешім қабылдаған едік. Әлемдегі қақтығысқа байланысты, оның ішінде Таяу Шығыс өңіріндегі жағдайға байланысты учаскелер саны қысқартылды. Қазір қолда бар ақпаратқа сәйкес, 54 елде 71 учаске болады», – деді Нұрлан Әбдіров.

Осылайша, 10 елдегі 11 учаскенің жұмысын тоқтату туралы шешім қабылданған. Ал шетелдердегі дауыс берушілер саны – 14,2 мың адам.

Бұл тізімде Иран, Израиль, Иордания, Катар, БАӘ, Оман, Ливан, Кувейт, Украина және Эфиопия бар.

Бұған дейін Украина мен Эфиопияда дауыс беру учаскесі ашылмайтыны айтылды.

Айта кетейік, Конституцияны өзгертуге қатысты референдум 2026 жылдың 15 наурызында өтеді.