Жаңалықтар

Танымал әншінің компаниясы 2027 жылдан бастап алтын өндірмек

Жобаны іске асыру мерзімі 2027–2033 жылдарды қамтиды / instagram.com / sivi_makhmudi, бильд-редактор: Дастан Шанай
Жобаны іске асыру мерзімі 2027–2033 жылдарды қамтиды / instagram.com / sivi_makhmudi, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстандық әнші Сивиетта Махмуди иелік ететін Marsel Gold компаниясы Қызылорда облысындағы Қарамұрын кен алаңында алтын құрамды кен өндіруді бастамақ.

Компания ұсынған құжаттарға сәйкес, қазіргі уақытта жер қойнауын пайдалану құқығын қалпына келтіру және тау-кен жұмыстарын қайта бастау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазір кен орнын игеру жоспары дайындалып жатыр. Онда ашық әдіспен жүргізілетін тау-кен жұмыстарының жылдар бойынша көлемі қайта қарастырылады. Жобаны іске асыру мерзімі 2027–2033 жылдарды қамтиды.

Айта кетейік, Қызылорда облысындағы Қарамұрын кен алаңындағы алтын кенін игерудің алдыңғы жоспары 2017–2018 жылдары орындалған. Алайда кен өндіру іс жүзінде басталмаған болуы мүмкін. Бұрын салынған «Қарамұрын» тау-кен металлургиялық кәсіпорнының барлық нысандары консервацияланған.

Сондықтан өндірісті іске қосу үшін компания мемлекеттік органдардан, әсіресе Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тарапынан рұқсат алуы тиіс. Қажетті құжаттар алынғаннан кейін кен өндіру 2027 жылы басталады.

Кен орны туралы

Қарамұрын кен алаңы Қызылорда облысының Шиелі ауданында, Шиелі теміржол станциясынан шамамен 40 км солтүстікте орналасқан. Мұнда жеті карьер бар:

  • Қарасақал
  • Батыс Қарасақал
  • Аммонит
  • Орталық Қарамұрын
  • Археолит
  • Аралық
  • Оңтүстік Қарамұрын

Жалпы аумағы – 21,8 гектар.

Алтын ашық әдіспен, 110 метр тереңдікке дейін өндіріледі. Компания карьерлерді кезекпен игеруді жоспарлап отыр. Алдымен Аммонит карьерінен бастап, кейін басқа карьерлерге көшеді. Бір уақытта ең көбі 2–3 карьерде жұмыс жүргізіледі. Өндірілген кен жүк самосвалдарымен ұсату-байыту кешеніне жеткізіледі.

Жоспарланған өндіріс көлемі

Компанияның жоспары бойынша:

  • 1-жыл – 149,9 мың тонна кен
  • 2-жыл – 300 мың тонна
  • 3-жыл – 451,6 мың тонна
  • 4-жыл – 452 мың тонна
  • 5-жыл – 451,9 мың тонна
  • 6-жыл – 295,8 мың тонна
  • 7-жыл – 170 мың тонна

Биыл әлемдік нарықта алтынның бір унциясының бағасы $5500 шамасына дейін жетіп, бұл геологиялық барлау мен алтын өндіруге қызығушылықты арттырған.

Компанияның салықтары

Marsel Gold компаниясы биыл салық төлемеген, бірақ 1,2 млн теңге айыппұл болған.

  • 2025 жылы – 260,4 мың теңге салық, 1,1 млн теңге айыппұл
  • 2024 жылы – 178,1 мың теңге салық (айыппұл болмаған)

Әнші туралы

Сивиетта Махмуди 1987 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Оның әкесі – мұнай-газ саласындағы кәсіпкер Махмұт Налібаев.

Әнші жас кезінен музыкамен айналысып, 10 жасынан бастап түрлі байқауларға қатысқан. 15 жасында мектепті экстерн түрде бітіріп, Қазақ‑Америка университетіне заңгер мамандығы бойынша оқуға түскен.

Сонымен қатар ол кәсіпкерлікпен де айналысқан. Бұрын Алматы қаласында лаундж-бар иесі болған. Бірақ 2017 жылы көршілердің шағымынан кейін жабылған.