Трамп мәлімдемесі мұнай бағасын 89 долларға дейін арзандатты

Жарияланды
фото: Kursiv Media

Ирандағы соғыс қимылдарының күтпеген жерден жедел қарқын алуы әлемдік мұнай нарығындағы бағаның күрт құбылуына тікелей әсер етті. Соңғы тәулікте «қара алтынның» құны барреліне 120 долларға дейін көтеріліп, 2022 жылдың маусым айынан бергі рекордтық көрсеткішке жеткен болатын.

Алайда АҚШ-тың әскери қимылдары бастапқы жоспарланған 4-5 апталық кестеден айтарлықтай озып, соғыстың іс жүзінде аяқталуға жақын екені туралы ақпарат тараған соң, нарық бірнеше сағаттың ішінде жауап қайтарды. Баға алдымен 99 долларға, артынан 83 долларға дейін құлдырап, кейіннен 89 доллар деңгейінде біршама тұрақталды.

Дональд Трамптың ресми мәлімдемесі бойынша, небәрі үш жарым күн ішінде Иран Әскери-теңіз флотының 46 кемесі жойылып, елдің зымырандық және дрондық мүмкіндіктері толықтай талқандалуда. АҚШ басшылығы жау түпкілікті жеңілгенше тоқтамайтынын айта келе, Иранның болашақ саяси басшылығына қатысты белгісіздік орнағанын алға тартты. Осылайша, соғыс қаупінің сейіліп, геосаяси жағдайдың жаңа арнаға бұрылуы мұнай бағасының қайтадан төмендеуіне негізгі себепші болып отыр.

Сонымен қатар, АҚШ президенті алдағы уақытта Ресейдің мұнай экспортына қарсы санкцияларды жеңілдетіуі мүкін екенін және оның уақытша шара болуын да жоққа шығармады.

Еске сала кетейік, өткенде АҚШ Қаржы министрлігі Үндістанға теңіздегі танкерлерде тұрған Ресей мұнайын сатып алуға 30 күндік лицензия бергені туралы Kursiv Media жазған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз