Отбасы банк 70 мың салымшыға жеңілдетілген ипотекалық қарыз береді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Коллаж: kursiv.media

«Бәйтерек» холдингі 2026 жылы тұрғын үй құрылысына шамамен 2,4 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетпек. Оның нәтижесінде 70 мыңнан астам отбасы жеңілдетілген ипотекалық несие арқылы баспаналы болады.

Бәйтерек холдингі өзінің еншілес ұйымдары Қазақстан тұрғын үй компаниясымен және Отбасы банкпен бірлесіп, 2025 жылы тұрғын үй құрылысына жалпы 2,35 трлн теңге сомасында қолдау көрсеткен.

«Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасының бірінші орынбасары Болат Айдапкеловтің айтуынша, биыл Қазақстан тұрғын үй компаниясы арқылы қолдау сомасы 700 млрд теңгеден асады. Бұл дегеніміз шамамен 2,2 млн шаршы метр тұрғын үй (30 мың пәтер) тапсырылатын болады.

«Отбасы банк тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша 2025 жылы халыққа 1 трлн 645 млрд теңге көлемінде 77 148 қарыз берді. 2026 жылы баспанаға мұқтаж 70 мыңнан астам отбасына Отбасы банктің барлық бағдарламалары бойынша жеңілдетілген ипотекалық кредит арқылы 1 трлн 630 млрд теңге сомасына ипотекалық қарыздар беру жоспарланып отыр. Бәйтерек холдингі 2026 жылы тұрғын үй құрылысына шамамен 2,4 трлн теңге сомасында қолдау көрсетпекші», деп мәлімдеді Болат Айдапкелов үкімет отырысында.

Еске салайық, Отбасы банк «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау мерзімін жариялады. Бағдарламаға қатысуға өтінім қабылдау 10 наурыздан басталып, 31 наурызға дейін жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыз