Жаңалықтар

Ескертулерге қарамастан қазақстандықтар Таяу Шығыс елдеріне әлі де барып жатыр

Фото: shutterstock

Қазақстан азаматтары қақтығысқа қарамастан Таяу Шығыс елдеріне демалуға баруын жалғастырып жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді.

СІМ өкілі нақты жағдайлар туралы жеке өзіне белгілі емес екенін, алайда қазақстандықтардың мұндай елдерге барғаны жөнінде ақпараттың бар екенін растады.

«Маған нақты жағдайлар жеке белгілі емес, алайда мұндай ақпараттар түсіп жатыр. Әлеуметтік желілерден де кейбір азаматтардың бұл елдерге барғысы келетінін көріп отырмын. Сол себепті біз бірнеше рет ескерту жарияладық. Мен де бірнеше мәрте азаматтарды бұл мәселеге өте мұқият қарауға шақырамын. Қауіпсіздік ең бірінші орында тұруы тиіс, сондықтан жағдайды жан-жақты ескеріп, салмақты шешім қабылдау қажет», – деді Ерлан Жетібаев брифинг барысында.

Сонымен қатар ол СІМ ескертулеріне қарамастан Таяу Шығыс елдеріне барған қазақстандықтарды қажет болған жағдайда эвакуациялау шаралары қабылданатынын атап өтті.

«Шетелде жүрген Қазақстанның кез келген азаматына біздің дипломаттар барлық қажетті консулдық-құқықтық көмекті көрсетеді. Бұл – біздің міндетіміз. Біз азаматтарға барынша қолдау көрсетеміз. Сондықтан олардың қауіпсіз болуы мен елге аман-есен оралуын қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар жүргізіледі», – деді ол.

Айта кетейік, эвакуация басталғалы Таяу Шығыстан 8,5 мыңнан аса қазақстандық елге қайтарылды.