Таяу Шығыстан тағы қанша қазақстандық елге қайтарылады – СІМ жауабы

Эвакуация басталғалы Таяу Шығыстан 8,5 мыңнан аса қазақстандық елге қайтарылды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлім етті.
«Қазақстан Сыртқы істер министрлігі уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағынан қазақстандықтарды елге қайтару жұмыстарын жалғастыруда. Біз отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күш жігерімізді салудамыз және кез укелген жағдайда жан-жақты қолдау көрсетеміз», – деді ресми өкіл брифинг барысында.
Ерлан Жетібаев атап өткендей, қазіргі уақытқа дейін Қазақстан азаматтарының арасында зардап шеккендер немесе қаза болғандар туралы ақпарат тіркелмеген.
«Эвакуация басталғалы бері уәкілетті мемлекеттік органдары резидент және резидент емес әуе компаниялардың көмегімен 8585 қазақстандық елге қайтарылды. Алдағы күндері Израильден 78 азаматымыз, Қатардан шамамен 350 адамды, БАӘ-ден шамамен 550 адамды, Сауд Арабиясынан шамамен 300 адамды эвакуациялау жоспарлануда. Көрсетілген деректер өзгеруі мүмкін»,– деді Жетібаев.
Эвакуация тек әуе рейстері арқылы ғана емес, құрлықтағы жолдар арқылы да жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Әзербайжан, Армения және Түркіменстанның шекаралары арқылы қазақстандықтарды қауіпсіз аймақтарға шығару жұмыстары ұйымдастырылған.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Иран аумағынан жалпы саны 66 Қазақстан азаматы елге қайтарылған.
Таяу Шығыстағы жағдай
2026 жылдың 28 ақпанында Израиль мен АҚШ Иранға соққы жасады. Сол күні Иран Израильдегі және араб елдеріндегі АҚШ әскери базаларына және басқа да нысандарға қарсы шабуыл жасады.
1 наурызда Иранды 37 жыл басқарған Аятолла Әли Хаменеи АҚШ-Израиль шабуылынан қайтыс болды.
5 наурызда Иранның әскери дрондары Әзербайжан жеріне құлады. Дрондардың бірі әуежай терминалына, екіншісі Шекерабад ауылындағы мектеп ғимаратының жанына түскен. Салдарынан екі адам зардап шекті.
Содан кейін Әзербайжанның сыртқы істер министрлігі Иран елшісін шақырып, оған наразылық нотасын тапсырды.
Ал Иранның сыртқы істер министрінің орынбасары Карем Ғарибабади AnewZ редакциясына Тегеранның «көрші елдерге соққы жасамайтынын» мәлімдеген.
6 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ пен Израиль Иран жеріне «кіріп, бәрін толық тазартуды» көздеп отырғанын айтты.
7 наурызда Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Әмір-Саид Иравани Иранда АҚШ пен Израиль соққылары салдарынан кем дегенде 1 332 адам қаза тапқанын мәлімдеді.