Жаңалықтар

Вьетнамда жоғалған қазақ қызы елге қайтарылады – СІМ

Фото: әлеуметтік желіден

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Вьетнамның Хошимин қаласында жоғалып кеткен қазақстандық Әсем Әубәкірдің оқиғасына қатысты пікір білдірді. Ресми өкіл қазір бойжеткенді елге қайтару мәселесі шешіліп жатқанын айтты.

«Вьетнамдағы дипломаттар мен құқық қорғау органдары жүргізген жедел шаралардың нәтижесінде аталған азаматша табылды. Ол тірі, аман-есен. Қазір оның жанында консул бар. Қазіргі уақытта қызды Қазақстанға қайтару мәселесі қарастырылып жатыр, – деп мәлімдеді Ерлан Жетібаев брифинг барысында.

Естеріңізге салайық, 26 жастағы бойжеткен алтыншы наурызда Вьетнамда жоғалып кеткен еді. Ол Ханойға баратын рейске мінуі керек болған, бірақ әуежайға жақындағанда байланыс үзіліп, хабар-ошарсыз кетеді. Жақындарының сөзінше, Әсем артынан біреулер аңдып жүргенін, қатты қорқатынын айтқан.

Ал бүгін, 10 наурызда 26 жастағы Әсем табылды. Бұл туралы оның әпкесі хабарлады. Әпкесінің сөзінше, Әсем қазір полиция учаскесінде.