
Жазира Байырбек ұлының тойын ұйымдастыру машақатымен жүр. Ол бұрын той өткізбегенін, қуанышты шараны қалай өткізуді білмейтінін айтты.
Айтуынша, тойға небәрі он бес күн қалған. Бірақ әлі тас-түйін дайын емес.
«Ұлымыздың үйлену тойына 15-ақ күн қалды. Біз дайындыққа кірісіп жатырмыз. Ең қиыны, кіммен кімді отырғызамын деген сұрақ екен. Тізімді жазып қойып: «Дұрыс отырғыздым ба? Мүмкін, ана жаққа отырғызамын ба? Кім қалып кетті? Кім сияды?» деген секілді ойлар мазалайды», – деді әнші.
Ол тойға шақырылмай қалғандарға келіннің қолынан шай ішкізуге уәде беріп отыр.
«Ең бастысы, ешкімді ренжітпей, жақсы өткізсек деген арманым бар», – деді ол.
Жазира Байырбек оқырмандарынан тойды қалай өткізу керектігі жайында ерекше идеяларды бөлісуді сұрады.
«Той жасағандардан идея сұраймын. Біз тойда жүргенде сахна, өнер жағын ғана білеміз. Ал ішкі жұмыстарын білмеуіміз мүмкін. Сондықтан ерекше идеяларыңыз болса, бізге жазыңыздар», – деді әнші.
Айта кететін жайт, Таяу Шығыстағы жанжал кезінде Жазира Байырбек отбасымен Дубайда қалып қойған. Елге қайтару үшін мемлекет жіберген ұшақта орын болмаған соң, өз қаражатымен Түркия арқылы қайтқан еді.