Жаңалықтар

Алматыда көлік қозғалысын шектеуі мүмкін: министр Бейжің тәжірибесін ұсынды

фото: shutterstock

Алматыдағы ауа сапасын жақсарту мақсатында автокөліктердің қозғалысын жұп және тақ күндерге бөлуі мүмкін. Елдің экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев осындай ұсыныс айтты.

Министрдің айтуынша, ведомстводағы арнайы топ Қытайдың экологияны сауықтырудағы 15 жылдық тәжірибесін зерттеп қайтқан. Олар Бейжіңдегі көліктерді мемлекеттік нөміріне қарай жұп және тақ күндері кезекпен жүргізу деген моделді Алматыға да енгізуге болады деген пікірде.

Ерлан Нысанбаевтың сөзінше, қаланың ауасын ластайтын негізінен – көліктер.

«Алматыда ірі өнеркәсіп орындары жоқ, негізгі ластаушы көз – автокөліктер. Тіпті ЖЭО-2-ні газға көшіру жұмыстары аяқталып жатса да, көлік кептелісі мен одан шығатын түтін басты мәселе болып қала береді. Сондықтан біз Бейжің тәжірибесіне ұқсас қоршаған ортаны қорғау ережелерін қабылдауды ұсындық», – деді ведомство басшысы.

Бірақ бұл әзірге ұсыныс, заң жобасы ретінде қарастырылып жатқан жоқ.

Көлік айдайтындардың көбі – такси жүргізушілері

Министрдің дерегінше, Алматыда 748 мың көлік тіркелген, бұған қоса күн сайын қалаға сырттан 400 мыңға жуық көлік кіреді. Басым көпшілігі – такси жүргізушілері.

«Мәселенің мәніне үңілсек, қазіргі таңда қала маңындағы тұрғындардың дені Алматыда жұмыс істейді, нақтырақ айтқанда, такси қызметімен, жолаушылар тасымалымен айналысады. Сондықтан бұл шаралар басқа да тетіктермен кешенді түрде жүзеге асса, көлік ағынының жағдайын жақсартуға септігін тигізеді», – дейді министр Нысанбаев.

Көліктердің көптігі, кептеліс – Алматыдағы негізгі проблеманың бірі. Бұған дейін «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институтының директоры Асхат Сәдуов оны шешу үшін қоғамдық көлікті көбейту керек деген ұсыныс айтқан. Маманның пікірінше, қоғамдық көлікке басымдық бермей қаладағы кептеліс мәселесін шешу мүмкін емес