
Алматыда қалың жауған қарға байланысты жол жағдайы қиындады. Полиция департаментінің мәліметінше, осы тәулікте – кешегі түстен бастап бүгінгі күнге дейін – қала жолдарында 62 жол-көлік оқиғасы тіркелді.
Осыған байланысты қалалық полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев автокөлік жүргізушілерін жылдамдық режимін қатаң сақтауға, арақашықтықты арттыруға және шұғыл маневрлер жасаудан аулақ болуға шақырды.
Оның айтуынша, полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарып, жол жағдайын бақылауда ұстап отыр және қажет болған жағдайда қаланың коммуналдық қызметтеріне көмек көрсетуде.
Кеше Алматыда жүк көлігінің жүргізушісі жер үстіндегі газ құбырына соғылып, конструкцияның 150 метрін зақымдаған, соның салдарынан бірнеше үй газсыз қалды.
Бұған дейін синоптиктер атмосфералық фронттардың әсерінен Қазақстан аумағының басым бөлігінде жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашынмен тұрақсыз ауа райы күтілетінін хабарлаған.