Жаңалықтар

Атом қателігі: Еуропа неге «бейбіт атомға» қайта бас иді

фото: gemimi generated

Париж төрінде өткен атом энергетикасы жөніндегі конференция Еуропа Одағының энергетикалық картасын қайта сызды. Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен мен Франция президенті Эмманюэль Макрон атом энергиясына қайта оралуды ұсынса, Германия бұл «пойыздың» өздері үшін әлдеқашан кетіп қалғанын мойындады. Kursiv.Media Парижде қанадай стратегиялық құжат қабылдағанын талдап көрмек.

«Стратегиялық қателік» және соғыс зардабы

Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйеннің биылғы мәлімдемесі сенсациялық сипатқа ие болды. Ол Еуропаның атом энергиясынан бас тартуын «стратегиялық қателік» деп атап, оның зардабын бүгін бүкіл құрлық тартып отырғанын жеткізді.

1990-шы жылдары Еуропа электр энергиясының 30%-дан астамын атомнан алса, бүгінде бұл көрсеткіш екі есе, 15%-ға дейін құлдыраған. Бұл бостықтың орнын толтырған қазба отыны (мұнай мен газ) Еуропаны импортқа тәуелді етіп қана қоймай, геосаяси тұрақсыздыққа ұрындырды.

«Біз толығымен қымбат әрі тұрақсыз импортқа байлаулымыз», – деді фон дер Ляйен.

Ол Таяу Шығыстағы -АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысының 10-шы күнге ұласуы мұнай мен газ бағасын аспандатып, Ормұз бұғазындағы логистиканы бұғаттағанын алға тартты. Бұл жағдай Еуропаның энергетикалық егемендігінің қаншалықты әлсіз екенін паш етті.

Францияның амбициясы мен Грекияның «кеме» жоспары

Франция президенті Эмманюэль Макрон бұл сәтті пайдаланып, Еуропа бойынша ядролық реакторлардың конструкциясын стандарттауды ұсынды. Бұл тек саяси емес, сонымен бірге экономикалық жоба. Егер стандарттау жүзеге асса, соңғы жылдары қиындық көріп жүрген француздық EDF гиганты жаңа келісімшарттарға ие болып, Еуропаның бас энергетикалық локомотивіне айналмақ.

Грекия да бұл додадан қалыс қалмақ емес. Премьер-министр Кириакос Мицотакис атом энергиясын тек жарық беру үшін емес, әлемдік кеме қатынасын декарбонизациялау үшін пайдалануды ұсынып, бұл бағытта көшбасшы болуға ниетті.

Германия: Өкінішке толы «қайтарымсыз» жол

Көршілері атомды дәріптеп жатқанда, Берлиннің жағдайы мүлдем басқаша. ГФР канцлері Фридрих Мерц фон дер Ляйеннің «қателік» туралы пікірін толық қолдағанымен, Германия үшін артқа жол жоқ екенін ашық айтты.

  • Мерцтің уәжі: Бұрынғы үкіметтердің атом станцияларын жабу туралы шешімі заңды түрде бекітілген және техникалық тұрғыдан «қайтарымсыз».
  • Жаңа стратегия: Германия енді «жасыл» энергияға (күн мен жел) баса мән беріп, резервтік көз ретінде жаңа газ электр станцияларын салуға мәжбүр.

2030 жылғы мақсат: Шағын реакторлар дәуірі

Конференцияның басты жаңалығы Шағын модульдік реакторлар (ШМР) болды. Фон дер Ляйен 2030 жылға қарай бүкіл ЕО аумағында осы технологияны енгізуді көздеп отыр.

  • Дәстүрлі станциялардан 3 есе кіші (300 МВт);
  • Зауытта сериялық түрде шығарылады;
  • Құрылысы жылдам әрі арзан.

Еурокомиссия бұл инновацияларды қолдау үшін 200 миллион еуро бөлуге дайын. Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігі енді осы «кішкентай» реакторлардың «үлкен» нәтиже беруіне тікелей байланысты болмақ.