Жаңалықтар

Атырауда аулауға тыйым салған ақбөкенді атқан браконьерлер ұсталды

фото: Атырау облысы ПД

Атырау облысында ақбөкендерді атып өлтірді деген браконьерлер ұсталды. Олардың көлігінен 14 киіктің ұшасы табылды деп хабарлады құзырлы органдар.

Полиция Байғанин ауданында рейдке шыққанда даладан күмән тудырған УАЗ автокөлігін байқайды. Оның артынан қуып, тоқтатқаннан кейін көлікке тексеру жүргізеді. Машинадан мотоцикл және 14 киіктің тұтас еті табылады.

Одан бөлек атыраулық үш тұрғыннан 12 калибрлі аңшы мылтығы, рация, дүрбі және пышақтар тәркіленді.

«Аталған факті бойынша сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған жануарлар түрлерімен заңсыз айналысу бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті тергеу әрекеттері жүріп жатыр», – деп хабарлады ПД.

Былтыр Батыс Қазақстанда киіктің саны тым көбейгендіктен, бес айға ақбөкен атуға рұқсат берілді. Оның етін комбинаттарға өткізіп, шұжық жасай бастады.

Бірақ ақбөкен мемлекет тарапынан заңмен ерекше қорғалған жануарлар тізіміне енеді. Оны рұқсатсыз атқаны немесе мүйізін саудалағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Осы жылдың басында Қарағанды мен Павлодарда Ресейге 2 мыңға жуық ақбөкен мүйізін алып өтпек болған контрабандистер ұсталған еді.