Атырауда тікелей эфирде бойжеткенге күш қолданған күдікті ұсталды

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
полиция
Атырауда тікелей эфирде бойжеткенге күш көрсеткен күдікті ұсталды / Фото: Shutterstock

Атырау қаласында әлеуметтік желідегі стримнен кейін бойжеткенге ауыр жарақат келтірген 21 жастағы жергілікті тұрғын қолға түсті. Қазіргі уақытта оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Күдікті әлеуметтік желіде қолында пышағы бар, өзіне зақым келтірген сәтінен видео жариялап, көпшілікпен қоштасқан. Бейнежазбада оның жанында қорыққан және үсті-басы қан болған 19 жастағы бойжеткен болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жігіт бірнеше сағат бойы бойжеткенді соққыға жығып, пышақ жарақаттарын салған. Бұл әрекеттерінің бір бөлігін ол желіде тікелей эфир арқылы көрсеткен.

Зардап шеккен бойжеткен ауруханаға жеткізіліп, оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде.

Ұсталған азамат өз әрекетін жақын досының суицид жасап, қайтыс болуынан кейінгі эмоционалды жағдайымен түсіндірген. Алайда, бұл оны заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайды.

«Қазіргі уақытта тиісті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етуге жатпайды», – деп хабарлады Атырау облыстық полиция департаменті.

Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 110-бабы («Қинау») және 147-бабы («Жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу») бойынша іс қозғалды.

Бұған қоса, Атырау қалалық әкімшілік сотының 2026 жылғы 9 наурыздағы шешімімен ол «Ұсақ бұзақылық» және «Алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарға мас күйінде келу» баптары бойынша кінәлі деп танылып, 30 тәулікке қамауға алынды.

Сондай-ақ оқыңыз