
24 жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаев ісіндегі мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова Астанада әйелдерге ажырасу, мүлікті бөлу, алимент өндіруге қатысты кеңестер берді.
Айтуынша, заңды түрде ажыраспаған, бірақ бірге тұрмайтын ерлі-зайыптылар да алимент өндіре алады. Бұл жағдайда ортақ бала үш жасқа толмаған болуы керек.
«Ерлі-зайыпты заңды некені бұзбаған, бірақ жанжалдан кейін бөлек тұра бастаған. Ер адам үйден кетеді, әйел баламен бірге сол үйде қалады. Артынша әйел некеде бола тұра өзіне және баласына алимент өндіріп алды. Мұндай іс тәжірибемде болды. Яғни, әйел баласы үш жасқа толғанша, күйеуінің асырауында болуға құқылы. Ол үшін ажырасудың қажеті жоқ», – дейді прокурор Айжан Аймағанова.
Айтуынша, мұның бәрі азаматтық-процестік кодекс, неке және отбасы туралы кодексте көрсетілген.
Айта кетейік, бұл норма неке және отбасы туралы заңның 148-бабында көрсетілген. Заңға сәйкес, ерлі-зайыпты бірін-бірі материалдық жағынан қолдауға міндетті. Мұндай қолдаудан бас тартса, жүктілік кезінде және ортақ баласы туған күннен бастап үш жыл бойы зайыбынан алимент талап етуге құқығы бар.