FlyArystan Дубайға ұшатын рейстер кестесіне өзгеріс енгізді

FlyArystan әуекомпаниясы Ақтау – Дубай – Ақтау бағыты бойынша рейстер кестесіне өзгерістер енгізді.
Бұған Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдай және өңірде енгізілген шектеулер түрткі болып отыр.
«Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қалыптасқан жағдайды ескере отырып, аталған бағыттағы рейстер 2026 жылғы 31 наурызды қоса алғанда уақытша тоқтатылады», – делінген хабарламада.
Бұған дейін рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері орындалып келген. Жолаушыларға әуебилет құны толық көлемде айыппұлсыз қайтарылады. Немесе сапарды кейінгі күндерге тегін қайта брондау мүмкіндігі ұсынылады.
«Әуекомпания өңірдегі жағдайдың дамуын мұқият бақылауды жалғастыруда және авиациялық билік органдарымен әрі басқа да тиісті құрылымдармен тұрақты байланыста жұмыс жүргізуде», – деп хабарлады компания.
Күші жойылған рейстерге қатысты барлық сұрақтар бойынша жолаушылар FlyArystan әуекомпаниясы өзінің ресми арналары арқылы қолдау қызметіне хабарласа алатынын алға тартып отыр.
Айта кететін жайт, Air Astana әуе компаниясы Дубайға билет сатып алу мен ұшуға салынған тыйым мерзімін ұзартты.