Жаңалықтар

Мұнай бағасы 100 доллардан асса, Қазақстан бюджетіне қосымша 20 млрд түседі

Мұнайдың қымбаттауынан бюджетке қанша қаржы түседі / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай күрделеніп, мұнай бағасының қымбаттауы – Қазақстан бюджетіне тиімді. Қара алтын қымбаттаған сайын, ел қазынасы мен Ұлттық қорға түсетін қаржы көлемі артады. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, мұнай бағасы берреліне 100 доллардан асса, Қазақстан бюджетіне қосымша 20 млрд доллар түспек.

«Ал егер мұнай бағасы 120 долларға қымбаттаса, бюджетке қосымша 37 млрд доллар түседі. Бізде осындай есеп бар. Танкерге мұнай қазір тиеліп жатса, оның пайдасын Қазақстан көреді Бұл биржада сатылатын тауар болғандықтан, оның бағасы секунд сайын өзгереді», – деді министр.

Сонымен қатар журналистер Каспий теңізі жағалауындағы Қашаған, Теңіз кен орындарына Иран шабуыл жасаса, қалай қорғанатынын сұрады. Өйткені бұл кен орындарын ірі америкалық мұнай алпауыттары игеріп жатыр.

«Мұны қорғаныс министрлігінен сұрау керек, Энергетика министрлігі ретінде біздің де жоспарымыз бар», – деді ол.

Егер Ормұз бұғазы жабылып, Қытай Қазақстаннан мұнай сұраса, 5 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік бар.

Ормұз бұғазындағы кез келген іркіліс әлемдік мұнай бағасының күрт өсуіне әкеледі. Алайда АҚШ президенті Дональд Трамп санкцияларды жеңілдету туралы да сөз қозғап, жағдай реттелген соң нарықты тұрақтандыруға ниетті екенін сездірді.

9 наурызда «қара алтынның» құны барреліне 120 долларға дейін көтеріліп, 2022 жылдың маусым айынан бергі рекордтық көрсеткішке жеткен болатын. Алайда Трамп мәлімдемесі мұнай бағасын 89 долларға дейін арзандатты.