Жаңалықтар

Мұғалімдерге сабақ жоспарын жазуға енді ChatGPT көмектеседі

Фото: kursiv.media мұрағаты

Қазақстанда 2026 жылдан бастап 200 мың педагог ChatGPT Edu платформасына қол жеткізеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, биыл OpenAI компаниясы Қазақстанға 100 мың лицензия бөлген. Оның ішінде:

– 5 мың лицензия мектепке дейінгі ұйымдарға;
– 85 мың лицензия орта білім беру ұйымдарына;
– 10 мың лицензия колледждерге беріледі.

Жылдың екінші жартысында тағы 100 мың педагог қамтылады. Осылайша 2026 жылы барлығы 200 мың мұғалім жасанды интеллект құралдарын тәжірибеде қолдана алады.

«Жоба аясында әрбір педагог өзіне арналған «ақылды ассистентке» ие болады. ChatGPT Edu бірнеше минут ішінде сабақ жоспарын дайындауға, тапсырмалар мен тестер құрастыруға, оқу материалдарын әртүрлі деңгейдегі оқушыларға бейімдеуге, сондай-ақ оларды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әзірлеуге мүмкіндік береді. Сабақ барысында бұл құрал педагогке күрделі тақырыптарды қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіруге, өмірлік мысалдар қолдануға, сабақ форматын пікірталасқа, бірлескен жобаға немесе зерттеу жұмысына айналдыруға көмектеседі», – делінген хабарламада.

Платформа бағалау критерийлерін жасауға, оқушылардың жұмыстарын алдын ала талдауға және жеке кері байланыс ұсынуға жәрдемдеседі. Дегенмен қорытынды бағаны мұғалімнің өзі қояды.

Министрлік бұл бастама педагогтердің кәсіби дамуына серпін беріп, білім беру саласының цифрлық трансформациясын жеделдетуге бағытталғанын атап өтті.

Бұған дейін елде ЖИ-ді мектепке енгізудің әдістемесі бекітілгені хабарланған.