Наурыз мейрамындағы жеңілдік: кейбір тауарлар 70%-ға дейін арзандайды

Елде «Nauryz Sale» мерекелік акциясы басталады. Бұл жөнінде Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді.
Министрліктің мәліметінше, Наурыз мерекесіне орай, яғни 13–23 наурыз аралығында ауқымды республикалық «Nauryz Sale» акциясы басталады. Бастама отандық өндірушілерді қолдауға, ішкі сауданы ынталандыруға және ел тұрғындары мен қонақтары үшін бірыңғай мерекелік атмосфера қалыптастыруға бағытталған.
Қандай жеңілдік болады
Акция кезеңінде сауда нысандары азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларға 10–70% көлемінде мерекелік жеңілдіктер ұсынады.
Жеңілдік берілген өнімдер сауда залдарында «Nauryz» белгісімен арнайы көрсетіледі. Баға жапсырмалары, баннерлер мен бағыттаушы белгілер арқылы сатып алушы акциядағы тауарды оңай таба алады.
Акцияға кімдер қатысады
Акцияға ішкі сауда саласының шамамен 300 субъектісі қатысады. Олардың қатарында 140 сауда үйі мен сауда-ойын-сауық орталығы, 140 сауда желісі және 20 электрондық сауда субъектісі бар. Қатысушылар қатарында елдің ірі сауда желілері – Magnum, Small, Galmart, «Анвар», «Дина», Toimart, «Астыкжан», «Аян», Greenwich және басқалары, сондай-ақ Mega Silk Way, Keruen, Keruen City, «Аружан», «Сарыарка», Shymkent Plaza сияқты ірі сауда үйлері мен сауда-ойын-сауық орталықтары бар.
Акция аясында отандық өндірушілерді қолдауға ерекше назар аударылады. Сауда орталықтарында қазақстандық өндірушілердің өнімдері ұсынылатын арнайы сату аймақтары ұйымдастырылады. Онда тауарлар нарықтағы бағадан орта есеппен 10-20%-ға төмен бағамен сатылады.
Ұлттық киімдер сатылады
Наурыз қарсаңында «Тәрбие» ұлттық киім дүкені мерекелік форматқа қосылады. Қазақстан бойынша 11 сауда нүктесі бар бренд келушілерге ұлттық нақыштағы киімдерді ұсынып, оларды киіп көруге әрі естелік суретке түсуге мүмкіндік береді. Мұндай арнайы аймақтар ірі сауда орталықтарында ашылады.
Атап айтқанда, Ақтаудағы SAYA Mall, Петропавлдағы Dostyk Mall, Ақтөбедегі KeruenCity, Астанадағы Keruen City Astana, Атыраудағы Infinity Mall, Түркістандағы Turan Mall, Алматыдағы Dostyk Plaza және Шымкенттегі Shymkent City Mall сауда орталықтарында ұйымдастыру көзделіп отыр.
Бұған дейін Сауда және интеграция министрлігі Қазақстанның сауда субъектілері арасында «Sauda in Digital Nauryz» республикалық конкурсының өткізілетінін жариялаған болатын. Конкурс 2026 жылғы 13-20 наурыз аралығында өтеді және сауда нысандарын мерекелік безендіруде заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ инновациялық сервистерді дамытуға бағытталған.
Қатысушылар өз жобаларын төрт номинация бойынша ұсына алады: «Үздік цифрлық безендіру», «Үздік цифрлық құттықтау», «Жасанды интеллекті үздік пайдалану» және «Ең креативті Digital-жоба».
Қатысу үшін Instagram әлеуметтік желісінде #saudadigitalnauryz хештегімен бейнеролик жариялап, Сауда және интеграция министрлігінің ресми парақшасын белгілеу қажет.