Қауіпсіздік

Прокурор Айжан Аймағанова әйелін ұрған ер адамның өзгеретініне сенеді

Айжан Аймағанова әйелдерге кеңес берді/фото: kursiv.media

Көпшілікке Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық істен кейін танылған прокурор Айжан Аймағанова тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерге дәлелдерді сақтауға кеңес берді.

Сондай-ақ әйеліне қол көтеретін ер адамдарға қатысты ойын айтты.

«Көпшілік «адам бір рет қол көтерсе, екінші рет қайталайды» деп айтады. Мен бұған сенбеймін. Адам өзгереді. Шындап келгенде көп нәрсе өзіңізге де байланысты. Дұрыс па? Сондықтан адамды дұрыс бағыттай алсаңыз, болашақта мұндай жағдай қайталанбайды», – дейді Айжан Аймағанова.

Прокурордың айтуынша, болған жайттың бәрін фото-видеоға түсіріп, аудиожазба ретінде сақтау қажет. Тіпті екеуара әңгімені скриншоттап отырған жөн.

«Адамды жарақаттаған болса, медициналық куәландырудан өткені дұрыс. Кей жұп жанжалдасып, артынан татуласады. Сол кезде фото-видеоның бәрін өшіреді. Бұл дұрыс емес. Сақтап қою керек. Бес жылдан кейін де қажет болып қалуы мүмкін», – дейді прокурор.

Айта кетейік, жылы бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 24 жылға сотталды. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырып қалу бабы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды.