Жаңалықтар

Қайын жұртын өлтірген: зардап шеккендердің денесінен жарақат табылды

Атырау облысында жоғалған отбасы
Қайын жұртын өлтірген: зардап шеккендердің денесінен жарақат табылды / Фото: Атырау полициясы

Атыраудағы «Геолог» мөлтек ауданындағы үйдің жанынан табылған Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның денелерінен өткір заттың іздері анықталды.

Бұл туралы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықов мәлімдеді. Оның айтуынша, өлімнің нақты себебі мен уақыты сараптамадан кейін белгілі болады.

йДенелерде өткір затпен салынған жарақаттар бар. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды», – деді Құттыбай Садықов.

Бұған дейін полиция Атырау облысы Жангелдин ауылында бір отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемалиевті тергеу амалдарын жүргізу үшін оқиға орнына алып келген.

Күдікті тергеушілерге қылмыстың қалай жасалғанын көрсетіп берді. Алдын ала мәлімет бойынша, ол өзінің қайын атасы мен қайын енесін өлтіріп, содан кейін ауладағы қораның ішінен тереңдігі шамамен 1,5 метр шұңқыр қазып, денелерді сонда көміп тастаған. Қылмыс ізін жасыру үшін үстіне диван қойған.

29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев бұрынғы жұбайының ағасы мен қарындасы – Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаны да қалада жалдап тұрған үйінің жанына көміп тастаған.

10 наурызда ІІМ Мейрамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің денелері Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиева жалдап тұрған үйдің жанынан табылғанын растады.