Шымбұлақта жоғалып кеткен Ресей азаматы құтқарылды

Алматыдағы «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында түнгі уақытта жоғалып кеткен ресейлік турист Сергей Гуревич құтқарылды. Белгіленген трассадан шығып кетіп, таудың күрделі бедеріне тап болған ер адамға құтқарушылар дер кезінде көмекке келді.
Курорт қызметкерлеріне туристің жоғалғаны туралы хабар түскен. Оның серігі Сергейдің «Профессор» трассасынан өзен жаққа қарай бұрылып, көзден таса болғанын айтқан.
Іздеу жұмыстары
Курорттың қауіпсіздік қызметі мен ТЖД құтқарушылары бірлесіп, түнгі уақытта іздеуге шықты.
Турист курорт аумағынан тыс жерден, адам жүруі қиын жерден табылды. Өз бетінше жоғары көтеріле алмаған Сергейді құтқарушылар арнайы техника мен кәсіби дағдының арқасында қауіпсіз жерге шығарды.
Төтенше жағдайлар департаменті мен №23 өрт сөндіру бөлімі мамандарының арқасында турист аман-есен базалық станцияға жеткізіліп, медициналық тексеруден өтті. Оның денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
«Шымбұлақ керемет курорт. Мені тауып, көмектескен жандарға шексіз ризамын,» деді Сергей Гуревич құтқарылғаннан кейін.
Шымбұлақ құтқарушылары дайындалған трассалардан тыс жерде сырғанау, әсіресе түнгі уақытта, қауіпті болуы мүмкін екенін ескертеді. Биылғы қысқы маусым басталғалы бері бұл курорттағы үшінші құтқару операциясы.
Бұған дейін, Kursiv.Media Шымбұлаққа бармас бұрын ескеру қажет дүниелерді жазған еді.