Жаңалықтар

Air Astana қазақстандықтарды Дубайдан әкелуден бас тартқан ба: СІМ жауап берді

Фото: shutterstock

Air Astana Таяу Шығыстағы қазақстандықтарды елге әкелуден бас тартып, рейстерді SKAT компания орындағаны туралы ақпарат тарады. Журналистер сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаевтан осының мән-жайын сұрады.

Алайда ол ақпаратты растаған жоқ, теріске де шығармады.

«Мен нақты маршрут бойынша ақпарат бере алмаймын. Әлбетте, ол жерде өз нюанстары бар. Әр компанияның өз талабы да болады. Елге байланысты да жағдай әртүрлі», – деп қысқа қайырды ол.

Өз кезегінде Air Astana он күнге Дубайға рейс жүргізуді тоқтатқанын хабарлады. Компания мәліметінше, бұған жағдай шиеленісуі себеп болған.

«Таяу Шығыстағы шиеленісті жағдайға байланысты Air Astana әуе компаниясы 11-31 наурыз аралығында Алматыдан Дубайға және Астанадан Дубайға тұрақты рейстерді тоқтатады. Тоқтатылған рейстердің жолаушыларына айыппұлсыз толық қайтару немесе 1 сәуірден 31 мамырды қоса алғандағы кезеңде орындалатын рейстерге тегін қайта брондау ұсынылады», – деп жазылған компания хабарламасында.

Ал басқа елдерге қатысты мәлімет бермеді.

Бұған дейін Air Astana және FlyArystan әуе компанияларының жолаушыларын алып кету үшін 10 наурызда репатриациялық рейстерді орындамақшы екенін хабарлаған.

Таяу Шығыста қанша қазақстандық бар

Ержан Ашықбаевтың сөзінше, ел үкіметі Таяу Шығыстағы барлық азаматтарды қайтаруға күш салған. Бірақ ол жақта тұрып жатқан, елге келмеген қазақстандықтар да бар.

«Туристердің бәрі оралды деу әзірге қиын. Консулдық есепте тұратын және нақты азаматтар саны өзгеше болып отырады. Біздің есебімізше, он мыңнан аса қазақстандықтар тұрып жатыр», – деді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев.

10 наурыздағы жағдай бойынша,араб елдерінен 8,5 мыңнан аса қазақстандық келді. Азаматтарды эвакуациялау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.