
Урсула фон дер Ляйеннің Париж төрінде жасаған мәлімдемесі жай ғана саяси сөз емес, жаһандық қаржы нарығына бағытталған қуатты импульс болды. Еурокомиссия басшысы Еуропаның атомнан бас тартуын «стратегиялық қателік» деп мойындаған сәттен бастап, биржадағы уран алпауыттарының акциялары тізгін үзіп, алға шапты. Kursiv Media урандық компаниялардың өскенін талдап көрді.

Бұл толқын, әсіресе, қазақстандық компанияларға ерекше әсер етті. Лондон қор биржасында 10 наурыздағы сауда қорытындысы бойынша әлемдік уран нарығының көшбасшысы «Қазатомөнеркәсіп» (KAP) акциялары бірден 8,31%-ға өсіп, бір қағаздың құны 84,70 долларға жетті. Бұл – соңғы уақыттағы ең ірі секірістердің бірі. Канадалық Cameco компаниясы 3,39%-ға, ал бүкіл секторды қамтитын ETF Global X Uranium қоры 2,43%-ға қымбаттады.
Қазақстан нарығы да қалыс қалмады
Биржадағы бұл «дүмпу» бүгін Қазақстанның ішкі нарығында да жалғасын тапты. Астана уақытымен күндізгі сағат 12:00-де «ҚазАтомӨнеркәсіп» (KZAP) акциясы 1,54%-ға жоғарылап, 41 222 теңгеге дейін көтерілді. Бұл көрсеткіштер инвесторлардың Еуропаның «ядролық ренессансына» шын мәнінде сенетінін және уранға деген сұраныстың ұзақ мерзімді болатынын ұғынғанын білдіреді.
Осылайша, Урсула фон дер Ляйеннің бірауыз сөзі мен Еуропаның энергетикалық тәуелсіздікке ұмтылысы әлемдік уран нарығын оятып, Қазақстанның экономикалық активтерінің құнын арттырып отыр.
Еске сала кетейік, Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйеннің осы аптадағы мәлімдемесі сенсациялық сипатқа ие болды. Ол Еуропаның атом энергиясынан бас тартуын «стратегиялық қателік» деп атап, оның зардабын бүгін бүкіл құрлық тартып отырғанын жеткізді.